«Сандық» мейрамханасының бренд-шеф аспазы
Сқақ Манас

2023 жылдың 16 наурызында «Технологиялық пәндер» циклының ұйымдастырылуымен «Ұлттық жаңару мен жаңғыру» бағдарламасының аясында колледждің  2012 жылғы түлегі, белгілі тележүргізуші және «Сандық» мейрамханасының бренд шеф-аспазы Сқақ Манаспен кездесу өткізілді. Манас қазіргі жастарға берері мол, ұлтжанды, ұлттық асхананың дамып, жандануына өз үлесін қосып жүрген азаматтардың бірі. Кездесу барысында Манас Сқақ студенттермен танысып, өз ісінің маманы болуы үшін үздік білім алып, өз болашағын дұрыс жоспарлау қажеттігін айтып, студенттерге бағыт-бағдар беріп, оқытушылар мен білім алушылардың түрлі сұрақтарына жауап берді.

Келесі кезекте Манас өзінің авторлық заманауи талаптарға сәйкес келетін, ұлттық өнімдерден дайындалған «Ысталған құйрық май» мен «Сүрленген жылқы етінен салат» тағамдарын дайындау бойынша Шеберлік- классын көрсетті.  Дәмі тіл үйірер тағамдарды жасап қана қоймай, олардың дайындау жолын көрсетіп, әдістерімен бөлісті. Өз кезегінде студенттер қонаққа арнап концерттік номерлер ұсынды.

Кездесу соңында колледж директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Абдуллаева Г.А. қазақ халқының ерекше өмір сүру салты мен сан ғасырлардан бері қалыптасқан дәстүрлі ас мәзірін насихаттап, білікті мамандар дайындауда қосып жүрген үлесі үшін Манас Манақбатырұлына алғыс білдіріп, естелік сыйлық табыстап, тәрбиелік, патриоттық мәні зор кездесуді қорытындылады.