МАРКЕТИНГ-МАРКЕТОЛОГ

Мамандығы: 04140100 Маркетинг (салалар бойынша)

Біліктілігі: 4S04140103 Маркетолог

Маркетинг- адамдарды түсінетіндерге арналған мамандық

Маркетинг — бұл тек жарнама мен сату ғана емес.
Бұл — адамдарға нақты не қажет екенін түсініп, оны бәсекелестерге қарағанда тиімдірек ұсына білу қабілеті. Маркетингтің басты мақсаты — клиенттерді тарту, оларды ұстап қалу және олардың санын арттыру, әрбір тұтынушының компания үшін маңызды екенін сезіндіру.

Маркетолог — нарық пен тұтынушылардың мінез-құлқын терең түсінетін маман. Ол қандай тауарлар мен қызметтер сұранысқа ие болатынын, оларды қай жерде және қалай тиімді ілгерілету керектігін біледі.
Талдау мен маркетингтік зерттеулердің негізінде маркетолог компанияға негізделген шешімдер қабылдауға көмектеседі: жаңа өнімді шығару қажет пе, оны қалай ілгерілету керек және қандай мақсатты аудиторияға бағыттау керек.

 

Маркетологтар қай жерде жұмыс істейді?

Түлектер төмендегі ұйымдарда табысты еңбек етеді:

— сауда және өндірістік компанияларда;

— қонақүйлерде, дәмханаларда және туристік фирмаларда;

— жарнама және PR-агенттіктерде;

— мемлекеттік және халықаралық ұйымдарда;

— онлайн-бизнес пен стартаптар саласында.

Тауарларды, қызметтерді және идеяларды ілгерілетуге байланысты барлық қызмет түрлері — маркетологтың кәсіби қызмет саласы. Ол клиенттермен, жеткізушілермен, делдалдармен және бәсекелестермен жұмыс істеп, нарықтағы үрдістерден әрдайым хабардар болады.

 

Түлек нені меңгереді?

Оқу барысында студенттер келесі тәжірибелік және сұранысқа ие дағдыларды игереді:

— нарықты зерттеу және тұтынушылардың қажеттіліктерін талдау;

— бәсекелестік ортаны зерттеу;

— мақсатты аудиторияны анықтау және онымен тиімді коммуникация орнату;

— ілгерілету мен сату стратегияларын әзірлеу;

— компанияның табысын арттыруға бағытталған шешімдер қабылдау;

— жарнама, PR, брендинг және digital-құралдармен жұмыс істеу.

Оқу үдерісі тәжірибеге бағытталған: әрбір студент нақты компанияларда өндірістік тәжірибеден өтіп, колледжді аяқтағанға дейін кәсіби тәжірибе жинақтайды.

Бұл бейнероликте «Маркетинг» мамандығы туралы ақпарат ұсынылған. Бейнежазбада осы мамандық бойынша студенттерді даярлау мазмұны, оқу жағдайлары, сондай-ақ оқу барысында қалыптасатын практикалық дағдылар көрсетіледі. Оқу кабинеттері мен зертханалар, маркетинг және бизнес саласында жұмыс істеуге қажетті кәсіби құзыреттерді меңгеру үдерісі таныстырылады.

Бұл бейнероликте оқытушы Искакова Алтынай Мұратқызы өткізген «КМ 1 Маркетингтік зерттеулер» тақырыбындағы ашық сабақ көрсетілген. Сабақ барысында маркетингтік зерттеулерге қатысу негіздері, ақпарат жинау және талдау әдістері, сондай-ақ «Маркетинг» мамандығы бойынша студенттердің кәсіби құзыреттерін қалыптастыруға бағытталған практикалық тапсырмалар қарастырылады.

Бұл бейнероликте оқытушыларға арналған цифрлық технологиялар мен маркетинг бойынша семинар ұсынылған. Іс-шара барысында цифрлық құралдарды білім беру үдерісіне енгізу және маркетингтегі заманауи тәсілдер мәселелері қарастырылады. Қатысушылар цифрландырудың өзекті үрдістерін талқылап, тәжірибелерімен алмасып, оқытушылық және кәсіби қызметте цифрлық шешімдерді тиімді қолдану әдістерін зерделейді.

 

WS–2026 чемпионатының қорытындысы бойынша колледжімізде педагогикалық кеңес өткізілді.
Кеңес барысында чемпионаттың жалпы нәтижелері қорытындыланып, қатысушылардың жетістіктері мен дайындық кезеңіндегі негізгі мәселелер талқыланды. Әр құзыреттілік бойынша қол жеткізілген нәтижелер қатысушылардың қажырлы еңбегі, табандылығы және кәсіби шеберлігінің көрінісі екені атап өтілді.

Салтанатты бөлімде жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталып, олардың жетістіктеріне ерекше құрмет көрсетілді.
Сонымен қатар педагогтердің сұрақтарына жауап беріліп, алдағы жұмыс бағыттары мен даму жоспарлары айқындалды.

WS–2026 чемпионаты бұл тек жарыс қана емес, сонымен қатар тәжірибе алмасу, кәсіби даму және жаңа мүмкіндіктер алаңы екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.